Сөнбес сезім

Сөнбес сезім
О книге

Представленная автором история взята из жизни. Здесь описываются воспоминания пожилого человека: о несбывшихся мечтах, о безответной первой любви и о надежде, которая все же не покидает его. Имена героев изменены.

Читать Сөнбес сезім онлайн беплатно


Шрифт
Интервал

© Бакыт Мадимова, 2019


ISBN 978-5-4496-4997-3

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Автордың беріліп отырған хикаясы өмірден алынған. Мұнда, жасы ұлғайған адамның жауапсыз қалған алғашқы маһаббаты, оның орындалмай қалған арманы және жасы жер ортасынан асқан кезде үмітінің әлі де болса жоғалмағаны туралы әңгімеленеді. Кейіпкерлердің есімдері өзгертіліп берілген.


Үй шаруасымен айналысып жүрген Нүрилә апайдың есіне бір нәрсе түсіп кілемнің үстінде жатқан көпшікке отыра кетті де: «апырау, осы мен биыл нешеге келдім? Өз жасымды да ұмытып қалыппын-ау шамасы.»

Өзімен өзі сөйлесіп отырған апай күліп жіберді де: «аңқылдап алпысым да келіп қалған ба? Бәсе, балаларымның, „туған күніңді атап өтейік“ деп жүргендері сол екен-ау. Айналайын алтындарым, менің туған күнімді ұмытпапты, жандарым. Әкелері осыдан бес-алты жыл бұрын бақилық сапарға аттанса да бәрі сыр бермейді, әкелерін жоқтатқысы келмейді. Бірақ, балаларым қалай айналып толғанса да отағасының орны толар ма екен? Қартайғанда қосағыңнан айырылған қиын екен, қонаққа барсаң да, тойға барсаң да жетімсіреп отырады екенсің. Жә, жарайды, ойламай-ақ қояйын, өмірдің заңы ғой, біреуге ерте, біреуге кеш. Бәрі бір Алланың қолында, бала-шағам аман болсын. Осылардың амандығын, осылардың тілеуін тілеп отырайын» – деп, апай өткен-кеткенді ойлап отырған еді.

– Әже, кіммен сөйлесіп отырсыз? Жаныңызда ешкім жоқ қой! – деді даладан жүгіріп келген он жасар немересі.

– Айналайын қошақаным, бері кел, бетіңнен сүйейін. Өткен-кеткенді ойлап отырғаным ғой – деп жымиды Нүрилә апай.

Нүрилә апай алпысты тамамдап қалса да, әлі ширақ, өңі де сыр бермейді, «асылдың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген сөз бар емес пе. Бұл кісінің шашына ақ түссе де, бет әлпетіне әжім енсе де әлі әдемі. «Апа, сізді мал бағатын бір шалға қосамыз-ау деймін, әлі бір шалды күтетін шамаңыз бар» деп, келіндері қалжыңдап тисіп қояды. Нүрилә апайдың екі ұл бір қызы бар. Қызын қияға, ұлдарын ұяға қондырған бұл кісі бақытты ана. Заманымыздың ағымына сай балалары қызмет бабымен жан-жақта жүр. Қызы мен үлкен ұлы Астанада, кіші ұл Алматыда. Ал апайдың қолында жаңағы жүгіріп жүрген он жасар немересі бар. Міне, биыл үшінші сыныптан төртінші сыныпқа көшті, қазір жазғы демалыста. Нүрилә апай Талдықорғанда жеке жайда тұрады. Бұрын ауылда тұрған еді, заман өзгеріп жұмыссыздық бет алғанда бала-шағасымен осы қаланы жағалап келген жайлары бар. Отағасы жер алып үй салды. Балаларын оқытып, құтты орындарына қондырды. Енді осылардың қызығын көреміз дегенде жүрегі тоқтап бақилық болды. Оның көзі жұмылса да балалары әкелерін жоқтатпауға тырысады. Анда-санда үйлеріне келген сайын керек-жарақтарын үйіп-төгіп әкеліп береді. Қыстық отынды дайындап, көмірін түсіріп береді. Апайдың көрші-көлеңдері де жақсы, бәрі бір отбасындай араласып, жақсы-жаманды бірге көріп, қуаныштарына қуанып, қайғысын бірге көтеріп дегендейін, өте мейірімді жандар. Көршінің жақсысы туғаныңнан да жақын болып кетеді ғой, оған да тәубе.

Нүрилә апай жан-жағына қарады да, «үйді келістіріп салдың да өзің мәңгілікке аттандың. Құдай қосқан қосағым едің. Қайтейін. Үлкен кісілер немерелерін ертіп сая-жайда жүргендерін көргенде жүрегімнің шаншып кететіні бар. Егерде сен тірі болсаң біз де солай жарасып жүрер ме едік,» – деп, Нүрилә апай күрсініп қойды.

Апайдың үйі шынымен де келістіріп салынған екен. Қонақ күтетін үлкен бөлмеде осы кезеңде сәнге айналған қабырға шкафы тұр. Бір сөрелерінде кітаптар жиналып тұрса, енді бір сөрелерінде қонаққа ұстайтын әдемі ыдыстар орналасқан. Бұл сөрелер әйнектелген есіктермен жабылған. Ал ашық сөрелерде отағасының, балалары мен немерелерінің әдемі рамаларға салынған суреттері тұр. Апай жаңағы суреттерге қарап: «айналайындарым менің, өсіп, өніңдер, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар» – деп, күбірлеп қояды. Апайдың мейірімге толы жанары нұр шашып тұр еді. Бөлменің екінші жағында жұмсақ диван мен екі кресло. Диван мен креслолардың үстінде апайдың өз қолымен тіккен көрпешелер әсем құрақтарымен көздің жауын алады. Диванның жоғарғы жағындағы қабырғада Нүрилә апай мен отағасының жас кездерінде түскен суреттері ілулі тұр. Адамның ең қызықты да, бақытты да шақтары жас кездері емес пе. Нүрилә апай осы суретке қарап, бір нәрсені есіне түсіріп күліп жіберді.

Ол кезде жас, аса ештемені ойламайтын жақсы кезең еді. Бір күні ауылдарына суретші келе қалды. Үй-үйді аралап, суретке түсеміз дегендерді суретке түсіріп жүр екен. Суретші Нүриләнің ата-енесінің үйіне келгенде отбасының мүшелерінің бәрі үйде еді. Үйдегілердің бәрі дұрыс киімдерін киіп, шаштарын тарап дегендей мәре-сәре болып жатыр. Нүриләнің ата-енесі инабатты, парасатты жақсы адамдар болды. Олар келіндеріне өз қызындай қарайтын. Отбасы болып, барлығы бірге суретке түсіп болған соң, енесі келініне қарап, – енді Қайрат екеуің бірге түсіңдер, жастық шақтарыңнан естелік болсын – деп, ұлына басын изеді.

– Апа, түспей-ақ қояйықшы – деп, келіні ұялып төмен қарады. Ол кезде өз баласын аймалап, бетінен сүюге де ата-енесінен именетін еді. Енді күйеуінің қасына бұл кісілердің көзінше қалай отырмақ.

– Болды! Болды, ұялмай-ақ қой! Отыр, бір біріңе жақын отырыңдар! – деп, үйдегілер күліп, екеумізді отырғызып қойған еді – міне, осылай түскен сурет еді. Сонда неменеге ұялып жүрмін? – деп, Нүрилә апай тағы күліп жіберді.



Вам будет интересно