Сарман алты таңба кітабы

Сарман алты таңба кітабы
О книге

Адамдар Тұран атты хандықта өмір сүреді, елде билік жүргізетін Хан мен оның айналасындағы билеушілер қарапайым халыққа қарағанда өте ұзақ өмір сүреді. Басты кейіпкердің әкесі Ерұлан, олардың ұзақ ғұмырының сырын ашуға тырысып, нәтижесінде ол Ханның, адамдар арасында астыртын түрде, ерекше балаларды іздеп, ал адамдарға кіруге тиым салынған, тіршілігі жоқ өлі алқаптан, ерекше құнды затты іздеп жатқандығы жөнінде біледі, сонымен қатар ол Ханның сырын білуге тырысқан ғалымдардың, із-түссіз жоғалғанын анықтайды. Ол жақын досы Батырамен бірге, Хан мен билеушілердің құпиясын ашуға бір-ақ қадам қалғанда, оның жаңа туылған баласы, Хан іздеп жүрген сәби болып шығып, Батыра сәбиді Ханнан құтқару үшін, әлемдегі ең қауіпті орманға алып қашады. Орманда ол алты таңба кітабының сырын ашып, Хан мен оның айналасындағы билеушілердің жасыруға тырысқан, үлкен әрі қорқынышты құпиясы туралы біледі, Хан балаға қол жеткізу үшін, қашқынның соңынан он мыңдаған ажалсыз сарбаздарын жібереді. Оларды не күтіп тұр…

Книга издана в 2021 году.

Читать Сарман алты таңба кітабы онлайн беплатно


Шрифт
Интервал

БІРІНШІ БӨЛІМ. ҚҰПИЯДАН ҚҰПИЯҒА


Айнала бұлыңғыр – барлығы құдды тұман арқылы көрініп тұрғандай, бір-біріне аласұра жүгірген сарбаздардың тек қара көлеңкелері ғана көрінеді. Ештеңе анық байқалмаса да, жерге төгілген қан айқын болды. Айқайлаған дауыстар мен шайқас үні шықты, қала ішін толықтай қарбалас басып, әскери қоңыраулар тоқтаусыз соғылуда. Ол жан-жағына қараған сәтте айналасынан көптеген сарбаздардың өлі денелерін көрді, ал оны көптеген қара көлеңкелер қоршады. Ол жерде тізерлей отырды, аяқ-қолын қозғалтып, орнынан тұруға тырысқанымен; аяқтары бағынар емес, шамасы тек көзін ашып-жұмуға ғана жетті – оны құдды көрінбейтін алып қолдар ұстап алғандай. Бірнеше рет гүрс еткен жарылыстың ауыр үні естілді, сол сәтте оны қоршаған көлеңкелердің біреуі оған қарай жақындап, кеудесіне пышақ сұққан кезде – Ерұлан ұйқысынан шошып оянды.

Осымен бұл қорқынышты түс оған бірнеше рет кірді – дәл осылай жарылыс болып, кеудесіне әлгі көлеңке пышақ сұққан кезде, ол шошып оянатын, міне, сол жағдай тағы да қайталанды. Әркез бұл қорқынышты түсті көрген сайын оның бойында үрей күшейе берді, құдды бір күні түсінде көргені өңінде келетіндей.

Ол көзін ашқан сәтте денесінен бөлінген суық терді сезді, кеудесінде үлкен тас тұрып, оны төмен тартқандай күй кешті. Жай ғана түсі екенін түсінген соң, ауырсынған басын көтеріп, қолдарымен көздерін уқалады. Орындығының арқасына шалқая сүйенді де, алдында үстелде жатқан қолжазбалар мен кітаптарға көз тастап, жұмысын ары қарай жалғастырды.

Оның үстелінің жартысын үлкен жолсызба жапты, ал жолсызбада жалғыз мемлекет бейнеленген – бұл Тұран хандығының жолсызбасы. Тұран хандығы орналасқан құрлық Үлкен құрлық деп аталды және ондағы алпауыт таулар, мұхиттар, шексіз жазық далалар, шөлдер мен ормандардың бәрі тек қана осы жалғыз хандықтың құрамына кірді, мемлекет құрлықты шығыстан батысқа дейін, толықтай үлкен жерді алып жатты. Дегенмен мемлекеттің оңтүстігінде жатқан Тұманды аймағы ғана оның бөлігіне жатпайды, себебі бұл аймақты «Өлімдер алқабы» деп атады. Бұлай аталуының себебі онда ешқандай тіршілік жоқ – ешқандай өсімдік, ешқандай жануар, тек қара топырақ қана. Адамдар арасында тараған аңыз бойынша, онда мыңдаған жылдар бұрын ібілістер мен құбыжықтар келген, содан бері бұл мекен тіршілікке жарамсыз күйге түскен. Ежелгі адамдар Тұран хандығы мен Тұмандының арасында үлкен қабырға тұрғызып, онда адам аяғын басуға тиым салған. Бірақ, шын мәнінде, ол жерде ешкім құбыжық көрген емес, керісінше Тұманды өзінде мүлде басқа құпияны жасырды.

Хандықты Тарын хан мен оның әулеті және ханның айналасындағы билеушілер басқарды. Оларды халық Үстемділер деп атады, себебі олар қарапайым адамға қарағанда өте ұзақ өмір сүрді. Барлығы Тарын ханнан басталды. Ең алғашқы Үстемді болып сол танылды, ол таққа мың жыл бұрын келіп, содан бері елді басқаруда, халық оны жақсы көретін, себебі ел тыныштық пен молшылықта өмір сүрді, оны әділ әрі дана басшы деп санады. Бірақ Ерұлан осының артында бір шикілік жатқаннын сезгендей, ол Үстемділердің ұзақ ғұмырының сырын білуге тырысты, алайда бұл ел ішінде өлімге тең қылмыс еді, себебі ешкім Үстемділердің ұзақ өмірінің сырын білуге құқылы емес, оны өмірдің берген сыйы деп қабылдады.

Ерұлан ұзын бойлы, қоңыр түсті шашы жаңа туылған қозының жүніндей бұйра, сырттан қарасаң басына қозының терісін киіп алғандай, екі иығына екі адам сыятындай ірі, қара торы жүзді, қыр мұрынды, жасы қырықта болғанына қарамастан, ол жиырма бестегі жігітке ұқсайтын. Ерұлан Хандықтың солтүстігінде орналасқан Бұлақты қаласында, жары Сұлумен бірге үлкен сарайда өмір сүрді. Ол қаладағы ең бай адамдардың бірі саналатын, оның әкесі Рыс үлкен байлықты мұраға тастап кеткен, сол себебті Ерұлан жұмыс істеудің орнына, зерттеулермен айналысатын: жануарлар мен өсімдіктерді зерттеп, әртүрлі заттарды ойлап тапқанды ұнататын және оның басты сұрағы –Үстемділердің ұзақ өмірінің құпиясы неде екеннін білгісі келді және сол үшін тынымсыз, бәрінен астыртын түрде зерттеулер жасады.

Ерұлан қағаздарды ақтарып отырып, шамның сөніп бара жатқанына мән де берген жоқ, тек бөлмені қараңғылық басқан кезде ғана ол қағаздан басын көтерді. Бөлмені толық түнектен тек терезеден түскен жартылай толған ай сәулесі сақтады. Ол шам алмақ болып үстелдің астындағы тартпалардың бірін тартып, оның ішіне қолын салды да, ары-бері шам іздеді, алайда ол ештеңе таппаған соң, орнынан тұрды, сол сәтте ол отырған кітапхананың есігі шиқылдай ашылып, ішке біреу кірді, ал оның қолына ұстаған шамы бөлмеге бұрыңғы бұлыңғыр жарықты қайта алып келді. Ерұлан орындықтан жартылай көтерілген күйі қайта жайғасып, есіктің аузына қарады, онда орта бойлы, сауыт киген, жатаған қара шашы өсіңкіреп, құлағын жартысына дейін көмкерген, бетінде сол жақ самайынан езуіне дейін созылған ерекше тыртығы бар адам тұрды.

– Бұл сен бе, Батыра? – деді ол көздерін сығырайта.

– Иә, – деген жылдам жауап естілді де, артынан есіктің «тырс» етіп жабылған дыбысы шықты. Батыраның басқан әрбір қадамы тарсылдай естіліп, ол үстелдің жанына жақындап, бетіндегі бірнеше кітапты кішкене ысырып, қолындағы шамын оның үстіне қойды.



Вам будет интересно